Шоқан мектебінде домбыра үйрену — музыкалық дағды қалыптастырумен ғана шектелмейді. Бұл — жас ұрпақтың ұлттық мәдениетпен жақын танысып, төл мұраның мәнін түсінуіне жол ашатын тәрбие бағыты.
Мектепте домбыра апталық сабақ кестесіне енгізілген пән ретінде оқытылады. Бірінші сыныптан бастап әр оқушы домбыра ұстап, алғашқы жаттығуларын жасайды. Екі айдан кейін алғашқы күйін шерте алады. Мұнда әр баланың ұлттық аспапта ойнауды меңгеруіне жағдай жасалған. Соның нәтижесінде домбыра мектеп өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, балаларды ортақ өнер мен ортақ ырғаққа біріктіреді. Ал 350 оқушының бір мезетте бес күйді орындауы — осы бағыттағы жұмыстың ауқымын көрсететеді.
Миссиямыздың мәні ұлттық өнерді таныстырумен ғана шектелмей, оны баланың жеке тәжірибесіне айналдыруда. Бала күйді тыңдап қана қоймай, оны өзі орындағанда, музыканың мазмұны мен ұлттық мәдениетке жақындығы тереңдей түседі. Ал оы бағыттағы жұмыстың жалғасы ретінде мектепте Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі қонаққа келіп, «Ұлттық аспаптар үні» атты танымдық шеберлік сағаты өтті.
Бас дирижері әрі «Құрмет» орденінің иегері Абылай Тілепберген бастаған өнер ұжымы оқушыларды қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының тарихымен, құрылымымен және орындаушылық ерекшеліктерімен таныстырды. Сондай-ақ, «Ақсақ құлан» күйінің тарихын баяндап қана қоймай, музыкалық шығармада оқиға қалай өрбитінін әсерлі жеткізді. Домбыра, қылқобыз, шертер, прима қобыз, бас қобыз, баян, флейта және ұрмалы аспаптардың ұлттық оркестрдегі орны туралы мағлұмат берілді.
Кездесудің есте қаларлық сәттерінің бірі — оқушылар мен оркестрдің шағын құрамының Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін бірге орындауы. Ұрпақтар сабақтастығының сахнадағы көрінісі ғана емес, балалардың өздері үйреніп жүрген өнердің кәсіби орындаушылық деңгейімен тоғысуы.
Шоқан мектебінің негізін қалаушы Әсел Тасмағамбетованың бастамасымен қалыптасқан ұстанымда ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен заманауи білімді ұштастыруға ерекше мән беріледі. Бұл бағыт оқушылардың ұлттық мәдениетті сырттай танып қана қоймай, оның жалғастырушысы ретінде қалыптасуына жол ашады.
Шоқан мектебі үшін ұлттық өнер — өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі ұрпақтың танымы мен тәрбиесіне ықпал ететін өміршең құндылық. Өйткені дәстүрдің жалғасы — оны танып, түсініп, келесі ұрпаққа жеткізетін балалар.