17.11.2026
Shoqan School жанынан ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ ашылды!

Табиғатты тану — оны зерттеуден басталады

Бұл жерде оқушылар табиғат туралы тек кітаптан оқып қана қоймайды. Олар өсімдіктерді өсіреді, тәжірибе жасайды, зерттеу жүргізеді және өз идеяларын жүзеге асырады.

Жалпы аумағы 996,77 м² болатын екі қабатты орталықта микроклондау зертханасы, Science және STEAM зертханалары, робототехника кабинеттері орналасқан.
Ал 241,36 м² жылыжайда оқушылар өсімдіктерді өсіру мен көбейтудің заманауи әдістерін меңгереді.

Орталықта микроклондау, гидропоника және жасыл технологиялар бағыттарына ерекше көңіл бөлінеді. Оқушылар өсімдіктердің өсу кезеңдерін бақылап, топырақтың құрамы, жарық пен судың әсерін зерттеп, тәжірибе нәтижелерін талдай алады.

Сондай-ақ мұнда жаңбыр суын жинап, оны өсімдіктерді суаруға пайдалану жүйесі қарастырылған. Мектеп асханасынан шығатын органикалық қалдықтар компостқа айналып, жылыжай мен саябаққа тыңайтқыш ретінде қолданылады. Осылайша, балалар суды үнемдеу мен қалдықтарды пайдалы ресурсқа айналдырудың жолдарын тәжірибе жүзінде үйренеді.

Тағы бір маңызды бағыт — Қазақстанның әртүрлі климаттық аймақтарына бейімделген ағаш көшеттерін өсіру. Орталықтың жылдық жоспарына 50 000–70 000 көшет өсіру енгізілген.

Табиғатқа жанашырлық таныту тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Оның қалай өсетінін түсіну, қоршаған ортаны зерттеу және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жолдарын іздеу де маңызды.

Ғылыми-зерттеу орталығы — білімді, ғылымды және тәжірибені ұштастыратын, оқушылардың қызығушылығын нақты зерттеу жобаларына айналдыратын кеңістік.

SHOQAN — ЕРКІН ОЙ, КЕҢ ӘЛЕМ

Хабарласу