2 қазан күні Шоқан мектебінің амфитеатрында оқушылар қазақстандық кәсіпкер, меценат, «Astana Group» холдингінің негізін қалаушы Нұрлан Смағұловпен кездесті.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Нұрлан Смағұлов өзінің өмір жолы мен кәсіби қалыптасуы туралы айтып, бизнес, технология, жасанды интеллект және үлкен жобалардың артындағы идеялар жөнінде ой бөлісті.
1990 жылы Қазақ мемлекеттік университетін «Биология және химия» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде оның кәсіби жолы Astana Motors, MEGA сауда және ойын-сауық орталықтары желісі, Mycar.kz және Almaty Museum of Arts секілді ірі жобалармен байланысты.
Кәсіпкер өз жолын оқушыларға слайдтар арқылы таныстырып, Astana Motors пен музей жобасы туралы айтып, жасанды интеллекттің мүмкіндіктеріне тоқталды.
Оқушылар да әңгімеге белсенді араласып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Соның ішінде «16 жасыңызда немен айналыстыңыз?» деген сұрақ та болды.
Кездесу соңында Нұрлан Смағұлов оқушыларды Astana Motors компаниясына экскурсияға шақырды. Бұл — мектеп оқушылары үшін ірі компанияның жұмысымен танысып, бизнестің қалай құрылатынын тәжірибе жүзінде көруге мүмкіндік.
Ал мектептің экобелсенді оқушылары қонаққа өз қолдарымен дайындаған ағаш көшетін тарту етті.
Кездесу барысында мектептің негізін қалаушылары Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова Нұрлан Смағұловқа өздерінің жылы ықыласы мен ізгі тілегін білдірді.
Шоқан мектебі үшін мұндай кездесулер — оқушыға дайын жауап ұсыну емес, жақсы сұрақ қоюға, жаңа идеялармен танысуға және өз жолын іздеуге мүмкіндік беретін ашық орта.